Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» қысқаша тарихы

 
 

2010 жылы желтоқсан айының 29 жұлдызында қала әкімінің қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» МКҚК-ның ашылуы, Елордамыздың мәдени–рухани өміріндегі есте қалар елеулі оқиғалардың бірі болды.
Дәл қазіргі уақытта театр директоры, Мәдениет ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» ордені мен "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалінің иегері Хасанғалиева Тоғжан Ескендірқызы болып табылады.
Ал, театрдың көркемдік жетекшісі қызметін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендері мен «Еңбек ардагері», «Ерең еңбегі үшін», "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медальдарының иегері, профессор Ешмұратова Құралай Халекетқызы атқарып келеді.
Сондай-ақ, театрдың қоюшы-режиссері 2011 жылдың «Үздік актрисасы» және "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалінің иегері Салаева Айжан Кәрібайқызы болып табылады.
Иә, театрдың шымылдығы түрілген сәтінен бастап-ақ, тілге тиек етілген тұлғалармен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» шығармашылық ұжымы аз уақыт ішінде бірнеше жетістіктерге ие болды.
Олар төмендегідей;

  • 2012 жылы сәуір айының 11-18 күндері Тәжікстан Республикасы, Душанбе қаласында өткен «Чодари хаел» III Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Менің салған суретім» (туынды авторы және режиссері А. Салаева) спектаклі арнайы диплом иеленді.
  • 2013 жылы қарашаның 25-29 жұлдызы аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен, «Ортеке» III Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде А.Салаеваның режиссерлігімен сахнаға сапар тартқан, И. Миччи, Дж. Робертс, Л. Вульвертонның «Арыстан патша» шығармасы ұсынылып, «Үздік спектакль» және «Ең үздік актерлік жұмыс» марапатына ие болды.
  • 2013 жылы қазан айының 1-6 күндері Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум – III» Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінде режиссер А. Салаеваның «Қаңбақ шал» (қазақ халық ертегісі) қойылымымен қатысып, дипломант атанды.
  • 2014 жылы 1-6 қазан айында Ресейдің Астрахан шәһарында орын алған «Каспий жағалауы» атты ТМД елдер арасындағы қуыршақ театрлары фестивалінде «Менің салған суретім» (авторы әрі режиссері А. Салаева) қойылымын көрсеткен шығармашылық ұжым «Достық» номинациясын жеңіп алды.
  • 2014 жылы 15-21 қазан айында Түркияда өткен XVII Cтамбулдық театр фестиваліне қатысып, қарым-қабілеттерінің зор екенін тағы бір мәрте байқатты.
  • 2014 жылы Республика бойынша алғаш рет Италияның «Марионетка», Стамбулдық «Қарагөз» театрларымен достық қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасу мақсатында келісім шартқа отырды.
  • Сондай-ақ, аталған өнер ошағы 2015 жылы маусым айының 29 мен шілде айының 2-сі аралығында, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова атындағы «I - ші Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалін» өткізіп, өнер мерекесі қарсаңында тоғыз мемлекеттің театр басшыларымен тәжірибе жинақтап, сенімділікті нығайту мақсатында бірлесе, «EURASIA PUPPET» -«Қуыршақ театрлары ассоциациясын құру» - меморандумына қол қойды. Қазақстанмен қатар Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Тәжікстан, Италия сынды өзге елдердің қуыршақ театрлары қатысқан, сол фестиваль арнайы мамандар мен алқалы жұрттың зор алғысына ие болды.
  • Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» бұл жеңіс, жетістіктерді одан әрмен жалғастырып, 2015 жылдың 24-28 қараша күндері Қостанай қаласында өткен «Ортеке» IV Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде Құралай Ешмұратованың режиссерлігімен сахнаға сапар тартқан Сәкен Жүнісовтің «Атамекен» шығармасын ұсынып, «Хореографиялық-пластикалық шешім үшін» атты номинациясын иеленді.
  • Ал, 2016 жылы Наурыз айының 21-25 аралығында Тамбов қаласында өткен «Преданья старины глубокой» атты II Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінде аталған өнер ұжымы жоғарыда тілге тиек етілген С. Жүнісовтің «Атамекен» туындысын Тамбов жұртына тарту етіп, арнайы диплом және «Верность национальным традициям» номинациясын қанжығасына байлады.
  • 2017 жылы Сәуір айының 24-28 күндері Болгарияда өткен ХХ-шы Ұлттық "Михаил Лъкатник" атындағы қуыршақ театрлары фестивалінде, қазақ халық ертегісінің желісі бойынша сахналанған "Қаңбақ шал" (режиссері А. Салаева) қойылымы "Балаларға арналған үздік спектакль" наминациясына ие болды.
  • Ал, дәл осы жылдың 1-8 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласының «Қуыршақ театры» Елорда төрінде тұңғыш рет «Бүкіләлемдік қуыршақтар карнавалын» өткізді. Оған жер-жаһанның 47 Мемлекеті ат салысты. 22 Мемлекет видео жолдама арқылы қатысса, 25-сі бас қаламызда бас қосып, өнерлерін ортаға салды.
  • 2017 жылы қараша айының 4-11 күндері аралығында Малайзия елінде өткен "Тропикалық орман - 2017", "Бүкіләлемдік қуыршақтар карнавалына" А.Салаеваның «Шығыс бояулары» және «Менің салған суретім» қойылымдарымен қатысып, "Ең үздік режиссерлік жұмыс", "Ең үздік көркемдік безендіру", және "Малайзиялық көрермендердің жоғарғы бағасы" номинацияларын жеңіп алды!!!
  • Елордамыздың 20-жылдығы қарсаңында, 2018 жылы шілде айының 1 мен 4 аралығында, 9 мемлекеттің театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова атындағы II - ші Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалін өткізді. Қазақстан қуыршақ театрларымен қатар Эстония, Сербия, Ресей, Тунис, Түркия, Босния Герцеговина, Белгия, Италия сынды өзге елдердің қуыршақ театрлары қатысты.
  • 2018 жылы қыркүйек айының 11-20 күндері аралығында Тунис елінде өткен "Картаж қаласының мәдениет күндері» бүкіләлемдік қуыршақтар карнавалына А. Салаеваның «Шығыс бояулары» қойылымымен қатысып, "Ең үздік режиссерлік жұмыс", «Балаларға арналған ең үздік қойылым" номинацияларын жеңіп алды.
  • 2018 жылы желтоқсан айының 16-23 күндері аралығында Тунис елі Неаполис қаласында өткен Халықаралық қуыршақ театрлар фестиваліне А. Салаеваның «Азия бояулары» қойылымымен қатысып, «Балаларға арналған ең үздік қойылым" номинациясын жеңіп алды

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» репертуары көне аңыз-ертегілермен қатар шет елдік және төл заманауи туындыларды жаңғыртумен толығып келеді. Мысалы, Қ. Ешмұратованың «Махаббат туралы аңыз», М. Тойбаевтың «Сиқырлы сөздер», А. Салаеваның «Менің салған суретім», «Мен сияқты жаса», «Байқа жолда балақай», С. Жүнісовтің «Атамекен», Жапон халық ертегісі «Жаңғырық туралы ертегі», Т. Хасанғалиеваның «Орманда болған оқиға», «Ана құдіреті», Қазақ халық ертегісі «Қаңбақ шал», Е. Жуасбектің «О, тоба», И.Миччи, Дж. Робертс, Л. Вульвертонның «Арыстан патша», З. Сагалов пен Л. Жадановтың «Сарбаздың бақырашы», Г. Х. Андерсеннің «Қайта оралған Су перісі», Х. Юрковскийдің «Сен ол мен», Н. Шуваловтың «Ағайынды гномдар», Қ. Ежембековтың «Жалқаудың айласы», «Ер Төстік», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармаларын және т.б қойылымдарды айтуға болады.
Көрермен жүзіне күлкі, жүрегіне сәуле, көңіліне шаттық сыйлаған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» бағындырар белестері әлі де алда деп білеміз!!!